09 там, 2020 сағат 22:41

Экзит-полл Лукашенконың 79,9% дауыс жинағанын хабарлады. Елде наразылық күшейді (Видео)

Беларусьтегі Ұлттық экзит-полл нәтижесіне сай, Александр Лукашенко 9 тамызда өткен президент сайлауында 79,9% дауыс алған. Бұл туралы "Беларусь 1" мемлекеттік телеарнасы хабарлады. Биліктің экзит-поллы Лукашенконың басты қарсыласы Светлана Тихановская 6,8% дауыс жинағанын мәлімдеді.

Жұрттың көбі мемлекеттік экзит-полл нәтижесімен келіспейді. Елде 9 тамыз кешкісін наразылық күшейді.

Тихановская 9 тамыздағы баспасөз мәслихатында Минскідегі үш сайлау учаскесінде жеңіске жеткенін мәлімдеді. Шетелдегі альтернатив сауалнама нәтижесі бойынша, президент сайлауында Светлана Тихановская жеңіске жеткен. Экзит-полл ұйымдастырушылардың ақпаратынша, шетелдегі 19 сайлау учаскесіндегі дауыс санаудан кейін Тихановская 79,69% дауыс алған. 10,59% сайлаушы дауыс берудан бас тартқан. Лукашенко 6,25% дауыс иеленген.

9 тамыз кешке ұлттық экзит-полл нәтижесі жарияланған соң ел наразылыққа шықты. Беларусь ақпарат агенттіктері, Telegram каналдар арнайы жасақ көшеде адамдарды жаппай ұстағанын хабарлады. Наразылық кезінде арнайы жасақ (ОМОН) пен наразылардың қақтығысты.

TUT.by сайтының таратқан видеосында арнайы жасақ жұртты резеңке cойылмен ұрып жатқаны көрінеді. Азаттықтың Беларусь қызметінің хабарлауынша, арнайы жасақ жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.

Наразы жұрт пен арнайы жасақ. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.

Наразы жұрт пен арнайы жасақ. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.

Кейбір ақпарат агенттіктері наразыларға резеңке оқ атқанын хабарлады. Интернетте тараған видеоларда атылған қару дауысы естіледі. Зардап шеккендер де бар. Наразылардың көбі "Кет! Кет!", "Масқара! Масқара!" деп айғайлады.

Арнайы жасақ наразылардың бірін ұрып жатыр. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.

Арнайы жасақ наразылардың бірін ұрып жатыр. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.

Тәуелсіз сарапшылар бұл сайлауда Лукашенконың 50 пайыздан аз дауыс жинағанын, биліктің сайлауды әділ өткізбегенін айтады.

Минскідегі, басқа елдердегі сайлау учаскелерінде ұзын сонар кезек пайда болып, көп адам дауыс бере алмады. 9 тамыз түс ауа Минск қаласында әскери көліктер мен полиция, арнайы жасақ көбейді. Сайлау алдында, сайлау күні арнайы жасақ елде жүздеген адамды ұстады. Дауыс беру күні елде интернет бұғатталды.

Биылғы сайлау елді 26 жыл басқарып отырған Александр Лукашенко үшін қиынға соғып жатыр. Сайлау алдында елде оған қарсы наразылық күшейді. Жұрттың көбі елде өзгеріс болғанын қалайды.

Лукашенконың негізгі қарсыласы ретінде Светлана Тихановская күйеуі Сергей Тихановскийдің орнына түсті. Танымал видеоблогер Тихановский осы жылдың мамыр айында президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң, қамауға алынып, сайлауға жіберілмеген.

Билік оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны кандидат ретінде тіркемей қойды. Бабариконы ұлымен бірге қамап тастады, Цепкало Ресейге кетті.

9 тамызда Цепкалоның әйелі Вероника Цепкало да Беларусьтен Ресейге кеткені хабарланды. 

Оппозиция атынан сайлауға түсіп жатқан Светлана Тихановскаяның сайлауалды қолдау акцияларына мыңдаған адам жиналды. Мәселен, Минскідегі Тихановскаяның митингіне, еріктілер есебінше, 63 мыңдай адам жиналған. Лукашенко сайлау алдында саяси оппоненттерін "шетел агенттері" деп сынаған.

ЕҚЫҰ және тәуелсіз бақылаушылар Беларусьтегі сайлауларды мойындамаған.