24 сәу, 2020 сағат 16:38

ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесі ҚР Президентінің реформаларына қолдау көрсетуде - Дьердь Сабо

Елордадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо Қазақстан басшылығымен қабылданған реформалар аясындағы жұмыстарға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Қазақстанда Конституциялық Кеңеспен, Әділет министрлігімен, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта жұмыс істеудеміз. Осы орайда реформаларға қолдау көрсетуге тырысамыз. Бүгінгі конференцияға қатысып отырғандардың барлығы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өкілдері болып отыр, бұл өз кезегінде есте қаларлық әрі қуанышты оқиға», - деді Дьердь Сабо «Президенттік басқару нысаны. Конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық онлайн-конференцияда.

Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформаларға қолдау жасауға тырысуда. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған конференцияда Еуропа Кеңесі Венециан комиссиясының президенті Джанни Букиккио Қазақстандағы жүзеге асқан конституционалдық өзгерістер елдің дамуына үлкен септігін тигізгенін айтты. 

Өз кезегінде ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстан тарихының сол бір жауапты кезеңінде Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлануы жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің, оның саяси-құқықтық және экономикалық негіздерінің қалыптасуында ауқымды тарихи рөл атқарғанын атап өтті.