24 қар, 2020 сағат 19:00

Экспорттаушылардың шығындарын өтеу ережелері өзгерді – Бақыт Сұлтанов

ІХ Азаматтық форумда ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов отандық экспорт субъектілеріне қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, министрлік қысқа мерзімде әзірлеген Сауданы дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама қоғамда қызу пікірталас тудырды, қазір ол Президент тапсырмасына сәйкес толықтырылып жатыр. 

«Біздің шешімдеріміздің тиімділігі оларды қабылдауда қоғам, бизнес және мемлекет мүдделері балансының қаншалықты сақталатынына байланысты. Әлемдік жаһандану үрдісі өзгеріп жатқан қазіргі уақытта біздің бірінші міндетіміз – экспорттаушылардың проблемаларына жедел мән беру. Біздің «QazTrade» компаниямыздың алаңы бір жылда өзіндік «Достар клубына» айналды, онда экспорттаушылар мен бизнес-қауымдастықтар халықаралық саудадағы проблемалар мен кедергілерді талқылай алады. Біздің Телеграмдағы Export.gov арнамыз белсенді жұмыс істейді. Кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, экспорттаушылардың шығындарын өтеу ережелерін өзгерттік. Құжаттар пакеті оңтайланып, тауарлар тізімі өзектендірілді және өтелетін шығындардың жаңа түрлері енгізілді. Мемлекеттік қолдаудың бұл құралы бизнеске өндіріс көлемін ұлғайтуға, тауарлар желісі мен экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді министр ІХ Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдармен кездесу барысында. 

Мысалы шығындарды өтеу құралы БАӘ-ге аккумуляторларды, Бельгияға зығыр мен рапсты, Италияға жасымықтарды жеткізуге көмектесті, металлургиялық өнімдер Жапонияға жеткізілді. 205 экспорттаушыға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

«Экспорттаушылар жеңілдетілген несиелер мен экспорттық сақтандыру алады. 2020 жылы KazakhExport 70-тен астам экспорттаушының 63 млрд теңгеге жуық келісімшарттарын сақтандырды. Жыл соңына дейін бұл деңгей 100 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл сақтандыруды пайдаланатын экспорттаушылар түрлі салаларда жұмыс істейді: тамақ, химия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, металлургия, құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Мысалы, биылғы шілде айында жамбылдық өндіруші аванстық төлемді сақтандыру құралын алғаш рет пайдаланып, Шэньси провинциясына мақсары майын жеткізе алды», - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.