ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің аймағында Халықаралық қаржы орталығының ашылатындығын жер-жаһанға жария етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«ЭКСПО-ның барлық инфрақұрылымы көрмеден кейін де кеңінен пайдаланылады. Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылады. Оған қатысты арнайы заң қабылданды. Конституция өзгертілді. Қаржы орталығында ағылшынның құқықтық жүйесі болады.
Орталықтың өзі ағылшын тілінде жұмыс істейді. Аталған орталық аймаққа инвестицияны кеңінен тартады. Былайша айтқанда, осы өңірдің «қаржы қақпасына» айналады», - деді Назарбаев бүгін көрменің ашылу салтанатында.
Бұдан бөлек, көрме аймағында «жасыл» технологияларды дамытудың халықаралық орталығы мен IT стартаптардың технопаркі құрылады.
«Осылайша, ЭКСПО-ның инновациялық пульсі еліміздің дамуы, жалпы аймақ пен әлемнің игілігі үшін өз жалғасын табатын болады», -деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі ресми түрде ашылды. Салтанатты жиынға Қытай, Ресей, Чехия, Испания, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, Сербия, Үндістан, Беларусь, Моңғолия, Түрікменстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Испанияның басшылары қатысты.