16 қар, 2016 сағат 14:19

ЭКСПО аумағындағы 320 тонналық конструкция адам үстіне құласа не болар еді

- Әдеттегі сәрсенбінің жұмыс күнін «ЭКСПО көрмесінің аумағында ғимарат құлады» деген ақпарат астаң-кестең етті. Әрине, еліміздің ендігі жылға жоспарлап отырған басты жобасы болғандықтан, бұл төтенше жағдай бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары мен халықты дүр сілкіндірді.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен осы құлаған декоративті конструкцияға жауапты BI Group компаниясы ресми түрде комментарий беріп үлгерді. ЭКСПО компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, конструкция құлаған кезде, оқиға орнында ешкім болмаған және зардап шеккендер жоқ. Ал BI Group компаниясы жобаға қатысты тергеу басталғанын хабарлап, құлаған конструкция тек декоративті сипатқа ие екенін және ол екі жағындағы павильонға ешқандай зиян тигізбегенін жеткізді.

Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған соң, ҚазАқпарат тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасына да хабарласты. Ол жақтың баспасөз қызметі зардап шеккен бір жігіт туралы ақпарат таратқан болатын. Бірақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қоғамман байланыс жөніндегі департаментіне жетекшілік етіп отырған Сергей Куяновтың айтуынша, ол жігіт аяғын мүлде басқа жерде қайырып алған екен.

«Түсіндірейін. Жедел жәрдем Төтенше жағдайлар қызметінің хаттамасы бойынша келді. Жедел жәрдем келген кезде конструкция құлаған орында зардап шеккен бірде-бір адам болған жоқ. Кейін, құрылыс аумағындағы бір жігіт жедел жәрдемге келіп, аяғын басқа жерге қайырып алғанын хабарлады. Жедел жәрдем оны ЭКСПО аумағынан алып кеткені рас, бірақ ол осы бүгін құлаған конструкцияның жанында зардап шеккен адам емес», - деді телефон арқылы С.Куянов.

«Дегенмен, денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ол қауіпсіз жерге қашып үлгермепті ғой?» деген сұрағымызға ол: «Өзіңіз елестетіп көріңізші, бұл конструкцияның салмағы 320 тонна. Егер осы 320 тонна адамның аяғына құлап кетсе, не болар еді? Елестетіп көріңізші. Маған әріптестерім айтқандай, ол аяғын басқа жерде қайырып алып, жедел жәрдемге өзі жүріп келген. Ол қашып үлгермеді және оған конструкцияның бір бөлігі тиіп кетті дейді,  бірақ шамамен 25 метр биіктіктегі 320 тонналық конструкцияның бір бөлігінің өзі адамның аяғына тисе, тізесі ғана ауырмайтын шығар. Егер шынымен солай болса, адам өз аяғымен жедел жәрдемге бара алмайтын еді», - деді Куянов.

Ал «бұл төтенше жағдайға қатысты компанияның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов коментарий бере ма?» деген сұрағымызға ол: «Ондай жұмыс үшін түгелдей бір департаменті бар, сондықтан төраға пікір білдірмейді», - деп жауап берді.