«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында орналасқан Медиа орталыққа әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған БАҚ өкілдері жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының Көрме туралы ақпарат таратуына мүмкіндік беретін бұл орталыққа Қазақстан мен әлемнің түрлі елдерінен келген БАҚ өкілдері ресми ашылу рәсімі басталардан алты сағат бұрын, Мемлекет және Үкімет басшыларының Көрме аумағына келуінен бес сағат бұрын жиналды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің деректеріне сәйкес, Көрмеге 17 мемлекет және үкімет басшылары келеді.
Бұл уақытта журналистер жеке заттарын және құрал-жабдықтарын тексеруден өткізіп, жұмыс орындарын әзірлеп және тікелей трансляцияға камераларын дайындап үлгеруі тиіс. Жоғары лауазымды қонақтардың келуіне байланысты көрме аймағына күшейтілген қауіпсіздік режимі орнаған. Сағат 18:00-де медиа-орталықтың есігі жабылады және шара аяқталғанша - 23:00-ге дейін ашылмайды. Орталық аумағынан шығуға мемлекет басшыларының БАҚ өкілдеріне ғана рұқсат етілген.
«Бұл Мемлекет басшылары қатысатын шаралардағы үйреншікті жайт, - дейді «Россия 24» телеарнасының жүргізушісі Наталья Литовко. - Бүгін бір емес, 17 мемлекет пен үкімет басшылары келе жатыр, сондықтан мұндай қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қараймын. Мұндай шектеулердің болатынын алдын ала білдім және кеше павильондарды аралап, өзіме қажет ақпараттарды алдым. Сондықтан, ешқандай қолайсыздық көріп тұрған жоқпын».
Ресейлік тележүргізушінің айтуынша, Медиа орталықта барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ақпаратпен жылдам бөлісетін журналистер үшін сапалы интернетке қолжетімділік аса маңызды.
Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, әзірге шамамен 2200-ге жуық БАҚ өкілдері аккредиттелген, олардың 1639-ы қазақстандық болса, 548-і - шетелдіктер.
«Барлық беделді ақпарат құралдарын шақырғанбыз. BBC (Ұлыбритания), CNN (АҚШ) сынды көшбасшы арналар келеді деп жоспарланған. Bloomberg (АҚШ), Washington Post (АҚШ) өкілдері «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұйымдастырған баспасөз турына қатысты. Олардың барлығы ашылуға қатысады және ертең халықаралық павильондардың жұмысы туралы хабар таратады», - деді медиа-орталық қызметкері Александр Семенчук.
Атап өткен жөн, бүгін ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатын тікелей эфирде көрсетеді. Көрменің ашылу рәсімі Астана уақытымен сағат 20:17-де басталады. «20:17» уақытын ұйымдастырушылар символикалық түрде таңдаған.