«Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген мәдени шаралардың қорытындысы туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясында мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мен «Астана Опера» театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
А. Райымқұлованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени-ойын-сауық және спорт шараларының кешенді бағдарламасын әзірледі әрі ол сәтті іске асырылды деуге болады.
«Мәдениет және спорт министрлігі «Астана Экспо-2017»-мен және елорда әкімдігімен бірлесіп, Астанада жоғары деңгейде түрлі жанрдағы 8 мыңнан астам (8 460) мәдени және спорт шараларын ұйымдастырып, өткізді. Оған жетекші қазақстандық және шетелдік шығармашылық ұйымдары, мәдениет және спорт шеберлері, сондай-ақ, Қазақстанның дарынды жастары қатысты», — деді А. Райымқұлова.
Сонымен қатар көрме аясында еліміздің аймақтарында да 31 мыңнан астам шара өткізілді, елордамызда барлық облыстардың және Алматы мен Астана қалаларының Мәдениет күндері ұйымдастырылды.
ҚР Ұлттық музейі көлемді экспозициялар мен мазмұны жағынан бірегей көрмелер өткізді. Египет тарапы есебінен Ежелгі Египеттің археологиялық мұралары қойылған халықаралық көрме ұйымдастырылды. Ислам өнері музейінің (Египет, Каир қ.) жинақтарынан «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» халықаралық көрмесі өткізілді. Алғаш рет елімізде «Император Цинь Шихуандидің Терракота әскері» музейінің халықаралық көрмесі өтті. Сондай-ақ, Ұлттық музейде Мемлекеттік Эрмитаж қорларынан Қару-жарақ өнерінің халықаралық көрмесі ашылды. Барлығы Экспо-2017 кезінде Ұлттық музейді 300 мыңнан астам адам аралады.
Бұдан өзге, маңызды имидждік жоба ретінде қазақстандық және голливуд жұлдыздары, «Оскар», «Алтын глобус», «Сезар» сыйлықтарының лауреаттары Николас Кейдж, Эдриан Броуди және Джон Малковичтің қатысуымен өткен «Еуразия» ХІІІ халықаралық кинофестивалін атап өтуге болады.
«Бір сөзбен айтсақ, Э. Броуди, Дж. Малкович қазіргі таңның өзінде белсенді байланыс орнатып, әлемге Лос-Анджелестегі көрменің презентацияларында, «Карнеги Холл» театрында және т. б. жерлерде Қазақстанның сан қырлы мәдениетін таныстырып жүр», — деді вице-министр.
«Астана Балет» театрының, «Астана Опера» МОБТ, «Қазақстан» ОКЗ алаңдарында кореялық труппа Universal Ballet, АҚШ-тан келген Bad Boys of Dance, «Астана Балет» театрының, «Астана Опера» МОБТ балет труппасының, сондай-ақ, әлемдік балеттің танымал солистерінің қатысуымен Eurasian Dance Festival балет өнерінің халықаралық фестивалі өтті.
«Экспо-2017»-нің мәдени бағдарламасы Қазақстан халқының мәдениет және өнердегі жетістіктерін жан-жақты әрі толық көлемде көрсете білді. Кешенді бағдарламада қазақ халқының тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін ашып көрсететін шараларға ерекше көңіл бөлінді», — деп сөзін түйіндеді А. Райымқұлова.