ЭКСПО-2017 көрме кешенінде Америка Құрама Штаттарының павильоны ашылды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мен бұл салтанатты шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Америка Құрама Штаттарының біздің көрмемізге қатысуы - біз үшін өте маңызды. Өйткені дүниежүзіндегі жетекші елдің жаңғыртылған энергетика саласында жеткен жетістіктері көп. АҚШ-тың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы қаншалықты маңызды екендігін бәріміз жақсы түсінеміз деп ойлаймын. АҚШ павильонының ашылуына үлес қосқандарға, демеушілерге, мұнда ұсынылған және біз тығыз байланыс орнатқан компаниялардың барлығына алғысымды білдіргім келеді», - деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
«Астана ЭКСПО» басшысы 25 жыл ішінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жақсы дамып, көптеген америкалық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
А.Есімов Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті елшісі, павильон комиссары Джордж Кролға ерекше алғыс білдірді. Оның айтуынша, АҚШ-тың көрмеге қатысу мәселесі оңайлықпен қабылданбаған, алайда екі жақты күш біріктіру нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты. А.Есімов сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілердің АҚШ павильонындағы экспозициясымен танысу өте қызықты болатындығына сендірді.
«Қазақстан мен АҚШ-тағы біздің әріптестерімізді құттықтаймын, олардың әрқайсысы біздің павильонның ашылуына елеулі үлес қосты. Бірлескен іс-қимыл АҚШ пен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарының энергиясын көрсетеді», - деп атап өтті павильон комиссары, Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол.
АҚШ павильонының президенті Джошуа Уолкер Американың шексіз энергиясының қайнар көзі адамдар екендігін атап өтті.
Айта кетейік, АҚШ экспозициясы 1 100 шаршы метр аумақты алып жатыр және ол үш бөліктен тұрады: 1-зал «Энергия кеңістігі» деп аталады, 2-зал «Өмір энергиясы» және пост-шоу аймағы.
АҚШ павильонының тағы бір ерекшелігі - қонақтарды қазақ немесе орыс тілдерін меңгерген қырық америкалық студент қарсы алады.