14 нау, 2023 сағат 13:54

Экс-министр Біртанов жаңа қызметке келді

Фото: facebook.com/Guma1224

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан кәсіподақтар федерациясы медиа орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Қаракөзованың айтуынша, 13 наурызда Кәсіподақтар федерациясының кеңсесінде QazMed республикалық салалық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасының жаңа кеңесшісі таныстырылған. Ол - Елжан Біртанов.

QazMed төрағасы Әлиакпар Мәтішев медицина қызметкерлері әлеуметтік әріптестікті дамытуда үлкен тәжірибесі бар Елжан Біртановқа үлкен үміт артып отырғанын атап өтті.

Әріптестері алдында сөйлеген сөзінде Біртанов медицина қауымының мүддесін ілгерілету үшін бар тәжірибесі мен білімін жұмсайтынын айтқан.

"Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелерінде кәсіподақтың рөлі маңызды. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік серіктестермен бірлесіп шешуге тиіс мәселелер әлі де бар: медицина қызметкері мәртебесін, медициналық мекемелерді кадрлық қамтамасыз етуді, жас мамандарды жұмысқа орналастыруды, әлеуметтік қолдауды заңнамалық тұрғыдан айқындау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерінің лайықты еңбекақысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындауды бірге жалғастыру қажет. Салалық келісімге өзгерістер енгізу жұмысы тұр", - деді Қаракөзова Елжан Біртановтың сөзін бөлісіп.