Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев экс-министр Марат Бекетаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазіргі кезде Бекетаевқа қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Шынымен де, экс-министр Марат Бекетаев елден қашпақ болғанда ұсталды. Өзге ақпарат соталды тергеп-тексеру дерегі боп есептеледі. Өздеріңіз білетіндей, қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, соталды тергеп-тексеру дерегі жария етуге жатпайды", - деді Шындалиев Сенатта өткен брифингте.
Ал журналистердің "Экс-министр әуежайда ұсталды ма?" деген сұрағына Бас прокурордың орынбасары алдымен "Иә" деп жауап берді. Бірақ артынан "Нақты айта алмаймын. Әуежай туралы мен де сіздер сияқты бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыдым" деді.
Оның айтуынша, бұған дейін күдіктінің заңсыз әрекеттері бойынша тексеріс жүргізілген. Соның нәтижесінде, анықталған деректер аясында қылмыстық іс қозғауға шешім қабылданған.
Айта кетейік, өткен демалыс күндері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-министрдің ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Бірақ аты-жөнін жарияламады. Ал кейін оның Марат Бекетаев екенін растады.
видео: Tengrinews.kz