16 нау, 2026 сағат 12:00

Экономиканы әртараптандыру - экономиканың құрылымына әсер ететін жүйе

Шикізатты сататын елден өндірісі дамыған, өңдеу саласы жетілген елге айналу мақсатында экономиканы әртараптандыру көзделген. Яғни елімізге табыс көзі тек шикізаттан емес, әр түрлі бағытта жұмыс істейтін өндіріс көздерінен түсуі керек. 

Экономиканы әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі - өңдеу саласы. Мұнай-химия өнеркәсібін дамыту, ауылшаруашылығында дайын өнімдердің санын арттыру, металдан жасалатын дайын бұйымдар жасап шығару өңдеу өнеркәсібінің көрсеткішін анықтай алады.

Экспортқа дайын өнім шығару, мысалы бидай емес, макарон, темір емес, темірден жасалатын құрылғыларды экспорттау экономиканың драйвері болып табылады.

Осы ретте шағын және орта бизнесті қолдау арқылы экономиканы ілгері жылжытып, шикізат тәуелділігінен арылуға мүмкіндік бар екенін сарапшылар айтып келеді.

Айта кетерлігі экономиканы әртараптандыруда жаңа технологиялардың да мәні зор. Жасанды интеллект, автоматтандыру, цифрландыруды жетілдіру,  “Ақылды өндіріс” немесе Industry 4.0-ке көшіру маңызды қадамдар болып отыр.

Бұдан бөлек жаңартылатын энергияны пайдалану арқылы  экологиялық өндірісті дамыту,  энергия тиімділігін арттыру сынды мәселелер күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта еліміздің басым бағыттарының бірі осы салада екенін айта кеткен жөн.