28 қаң, 2026 сағат 15:41

Экономикалық қылмыстың алдын алу: Президент ҚМА-ға жаңа міндеттер жүктеді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізіп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Президент агенттіктің қысқа мерзім ішінде елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Жиында Президент агенттік бес жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарып, мол тәжірибе жинақтағанын айтты.

«Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілін түбегейлі жаңарту қажеттігін баса айтты.

«Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін», – деді Президент.


Сондай-ақ жиында цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект жүйесін агенттік қызметіне кеңінен енгізу – кезек күттірмейтін міндет екені атап өтілді. Президенттің айтуынша, қылмыстық орта жаңа технологияларды белсенді пайдаланып отыр, сондықтан құқық қорғау органдары заман талабына сай озық болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық қылмыстың алдын алуға басымдық берудің маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, шығынды өтеуден гөрі қылмыстың себеп-салдарын анықтап, алдын алу әлдеқайда тиімді.

«Алдын алу шаралары шын мәнінде тиімді болу үшін цифрлық талдау тәсілдерін барынша дамытқан абзал. Агенттікке тиесілі ақпараттық жүйе ауқымды деректерді талдауға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.


Президент Қаржылық мониторинг агенттігіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді және ақпараттық жүйелердің аясын кеңейтуді тапсырды.