27 шіл, 2020 сағат 14:29

Экологиялық сауатты ұрпақ қалыптастыруымыз керек – Аида Балаева

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық білім беру, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«...Адам ауруларының көптеген түрлері қоршаған ортадағы келеңсіз өзгерістермен тікелей немесе жанама түрде байланысты екені анықталған. Бірақ халықтың науқастануының экологиялық факторлары мен себеп-салдарына әзірге елімізде жеткілікті деңгейде назар аударылмай отыр. Экологиялық сауатсыздықты жою - халық арасында жүргізілетін маңызды мәселеге айналуы тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпыхалықтық экологиялық сауатты ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі, - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева дөңгелек үстелдің ашылуында.

Министр соңғы уақытта адамның табиғатқа қатысты жабайы әрекеті көптеп байқалғанын, оның соңы апатқа әкеп соғатынын атап өтті.

«Бурабайдағы тау болып үйілген қоқыс, қызғылт көлдің балшығы мен тұзын қазып әкету, Алматыдағы сирек кездесетін лотос гүлдерін жұлу – қазақстандықтардың наразылығын тудырған қылықтардың бір парасы ғана. Сондықтан, бүгін өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, экологиялық ағарту, жаңа буынды, жауапты адамдарды тәрбиелеу бойынша егжей-тегжейлі ұсынымдарды да тыңдағымыз келеді. Қазақстанның бірегей табиғи байлығы жыл сайын адамдардың ықпалымен азайып келеді. Олардың көпшілігін қалпына келтіру мен қайтару мүмкін емес. Сондықтан мемлекет ұрпақтар үшін табиғи байлықты сақтауға қажетті барлық шараларды қабылдауға міндетті. Бірақ болашақ ұрпақты да қоршаған ортаға ұқыппен қарау дәстүрі үзілмейтіндей және ұрпақтан-ұрпаққа берілетіндей етіп тәрбиелеу қажет», - деді Аида Балаева.