24 жел, 2019 сағат 08:42

Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 10 есе өседі - Мырзағалиев

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің жаңа редакциясындағы жобасын ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары 2,5 млн тоннаны, ал жыл сайынғы өсуі 100 мың тоннаны құрап отыр. 

«Егер тиісті шара қабылданбаған жағдайда, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өсетін болады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін Министрлік неміс тарапының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті», — деді М. Мырзағалиев. 

Министр атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздің 3,5 мың полигонында 120 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталған және жыл сайын 5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар жиналып отырады. 2016 жылдан бастап тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу 2,6%-дан 11,5%-ға дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу үлесі 26,8%-дан 32,2%-ға дейін өскені байқалады.

2019 жылдан бастап пластмассаны, макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынды. Алайда, өңірлерде тиісті инфрақұрылым болмағандықтан, іске қосылған механизм жеткілікті дәрежеде жүзеге асырылмай отыр. 

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, атмосфералық ауаның сапасы, жер үсті суларының ластануы, кәріздік тазарту құрылғыларының тозуы немесе болмауы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының болмауы немесе жай-күйінің нашарлығы бойынша проблемалар бар. Бұдан басқа, шешуді қажет ететін жергілікті экологиялық проблемалар да бар. 

«Жергілікті атқарушы органдар экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдау арқылы аталған проблемаларды шешуге тырысады. Дегенмен, республиканың қоршаған ортасын жақсарту үшін ұлттық деңгейдегі шараларды қабылдау қажет», — деді министр. 

Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық кодекс пен оған ілеспе заңның жобаларын әзірледі. Экологиялық кодекс жобасы – экологиялық реттеудегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген жаңа құжат. 

Сонымен қатар Кодексті әзірлеу кезеңінде, оны өңірлерде жұртшылықпен және бизнес-қауымдастықпен кеңінен талқылау жүргізілді. Осы талқылау барысында жұртшылықтан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Соның біразы Кодекске енді.