20 шіл, 2020 сағат 13:21

Экология министрлігі Көбейтұздың ластануына алаңдаушылық білдіріп отыр

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол жақтан тұздың тиеліп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жаңа ғана біз Көбейтұз көліне келдік. ҚР ЭГТРМ Экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов бастаған министрліктің мамандарынан құралған топ қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен бірге экологтар судың сапасы тексеру үшін сынамасын алды», - деп жазды әлеуметтік желіде министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева. 

Оның айтуынша, жұмыстың алдын ала қорытындысы кешке жарияланады. 

«Бұл көлді кейінгі кезде туристердің ластауына және тұзды тиеп әкетуіне байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алаңдаушылық білдіріп отыр», - деп хабарлайды Самал Ибраева. 

Еске сала кетсек, кеше елордадан 170 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көліне карантин біткенше баруға тыйым салынғаны хабарланған болатын. 

Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді бақылау тобы демалыс күндері адамдар көп шоғырланған «Көбейтұз», «Теңіз» көліне рейд ұйымдастырып, әкім Абай Әлжанов ол жақта рейд жүргізген болатын.