09 қар, 2020 сағат 16:06

Екібастұзда карантин кезінде той жасағандар жауапқа тартылды

Қала полицейлері кейінгі күндері карантин тәртібін бұзу туралы жиналған материалдарды Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бақылау тобы алтыншы қарашада, сағат 17:45-тер шамасында Екібастұз қаласы Абай көшесіндегі «Бәйтерек» мейрамханасының банкет залында отбасылық той болып жатқанын анықтады. Тойға 60-тан астам адам қонақ болған. Қонақтардың бәрін мекемеден шығарып, мейрамхана директорына ҚР ӘҚБтК 425-бабы бірінші бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Мекеме тартқан мәліметтерге қарағанда, аймақта карантин ережесін сақтауды бақылау шаралары жалғасып жатыр. Негізгі міндет – коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және азайту үшін санитариялық-эпидемиялогиялық талаптардың орындалуын қадағалау. 

«Жетінші қарашада Жүсіп көшесіндегі «Пирамиса» сауда үйінде «Планета одежды» бөлімінің жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Тыйым салынғанына қарамастан, сатушылар демалыс күндері жұмысқа шыққан», - деп толықтырды департаменттегілер. 

Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін Екібастұз қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. 

«Азаматтардың денсаулығы өте маңызды. Карантин тәртібін сақтамайтын адамдар жауапқа тартылады, себебі олар өзіне ғана емес, айналасына да қауіп төндіреді», - деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.