07 қар, 2023 сағат 17:25

"Екі айдан аз уақыт қалды": министрлік жүргізушілерге ескерту жасады

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдады, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

Айта кетейік, елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көлік құралдары заңдастыруға жатпайды.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, барлығы 237 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылған.

"Бір реттік заңдастыруды ескере отырып, автокөлік иелеріне 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаралатынын хабарлаймыз. Бүгінгі күні нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, шетелдік автокөліктерді заңдастыруға екі айдан аз уақыт қалды. Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, біз автокөлік иелерін заңдастыру процесін аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге шақырамыз", – деді ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев.