2019-2020 жылы қысқы кезең жол саласының мамандары үшін жабысқақ қардың салдарынан «Өскемен – Зырянов – Рахманов бұлақтары» автомобиль жолының жабылуынан басталды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтері бойынша, қазан және желтоқсан айларының аралығында республикалық маңызға ие жолдарда қозғалысқа 235 рет шектеу қойылған.
Осы ретте қазан және желтоқсан айларының аралығында Шығыс Қазақстан облысының жолдарындағы қозғалыс 72 рет шектелген болатын.
Жолдардың жабылуының жиілігі бойынша ел өңірлері арасындағы екінші орын Ақмола облысына тиесілі. Мұнда жолдардағы қозғалысқа 49 рет шектеу қойылыпты.
Жолдар көбіне жолдағы жағдайды көруге кедергі келтіретін, жол-көлік оқиғаларының туындауына қауіп төндіретін тұман, боран, жабысқақ қар, жаңбыр, ауа температурасының төмендеуі сияқты ауа райының қолайсыз жағдайлары салдарынан жабылады.
Қарашада Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасының -34 градусқа дейін төмендеуі салдарынан жолшылар тасжолдарды 15 рет жабуға мәжбүр болды.
Өңірде 12 жылыту пунктінің жұмыс істейтіндігін айта кету керек. Қазақстанда мұндай пункттердің жалпы саны 124 бірлікті құрайды. Бұдан бөлек, биыл жол саласының мамандары көктайғаққа қарсы жолдарға шашылатын құмның 60 мың, тұздың 13 мың текше метрін дайындаған.
Ауа райы қолайсыз кезде «Қазақавтожол» ЖШС жолдарды өзінің жіті бақылауына алады. Кәсіпорын жол техникасының 1067 бірлігімен жабдықталған.
Қазақстанда барлығы қысқы күтіп ұстау шараларымен автомобиль жолдарының 25 мың шақырымы қамтылса, оның 21,1 мың шақырымы «Қазақавтожол» ЖШС-нің, 3,4 мың шақырымы қайта құру нысандарындағы мердігерлік ұйымдардың және 422 шақырымы күрделі жөндеудің ауыспалы нысандарының қарамағында.
Еске салайық, жалпы пайдаланымдағы жолдардағы қозғалыстың шектелуі мен жабылуына «QazAvtoJol» ҰК» АҚ, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар және Әкімшілік полиция комитеттері жауапты.