28 шіл, 2021 сағат 17:10

Екі аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 1,9 есе өсті


Екі аптаның ішінде Қазақстан бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтыру деңгейі 1,9 есе өскен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай мәлімет айтты. 

«Соңғы екі аптада алдыңғы екі аптаға қарағанда республика бойынша барлық өңірде ауру жұқтыру көрсеткіші өскені байқалып отыр. Ауру жұқтыру өсімі 1,9 есе артқан – 41 296-дан 80 286 жағдайға дейін көбейді. Тәулік сайын ауырғандардың орташа көрсеткіші маусым айына қарағанда 5,2 есе өсті. 1 шілдедегі жағдаймен салыстырсақ, инфекциялық және реанимациялық төсек жүктемесі 3 есе өскен», - деді ведомство басшысы. 

Министр, сондай-ақ, елдің барлық өңірінде инфекциялық төсек-орын жүктемесі артып кеткенін атады.

«Ел бойынша төсек-орын қоры 1,4 есе көбейтілді. 28 шілдедегі жағдай бойынша инфекциялық төсек жүктемесі республика бойынша - 53 пайызға, реанимациялық төсек жүктемесі - 42 пайызға жетті. Әсіресе Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарында инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі жоғары болып тұр. Қазір денсаулық сақтау жүйесі былтырғы жағдаймен салыстырғанда екі еселенген жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Былтыр осы кезде тәулігіне 2000 адам ауырған болса, биыл шілдеде 6 925 адамға жетіп отыр», - деді Алексей Цой.