30 нау, 2021 сағат 15:50

Екі аптада елімізде КВИ жұқтырғандар саны 1,5 есе артты - Алексей Цой

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі коронавирус инфекциясының таралуы жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан Республикасында 30 наурыздағы жағдай бойынша 243 318 науқастан Covid-19 анықталды және 50 433 адамға КВИ- (минус) диагнозы қойылды. 218 031 адам КВИ+ және 47 837 азамат КВИ- (минустан) жазылып шықты. Соңғы 2 аптада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, жалпы КВИ жұқтырғандар 1,5 есе өсті», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, жалпы індет жұқтырудың 56 пайызы Алматы қаласы тұрғындарына тиесілі. Қалада ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 500 жағдай тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 350 жағдайға жетті. 

«4 өңір қауіпті аймақта (қызыл аймақта) тұр: Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. 3 өңір (Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары) сары аймақта. Қалған 10 өңір жасыл аймақта. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған «сары» және «қызыл аймаққа» ауысқан өңірлерде қосымша шектеу шаралары енгізілді», - деді Цой.

Сондай-ақ, ол КВИ бойынша жағдайы ауыр науқастардың саны артқанын айтты.

«28 ақпанмен салыстырғанда, 30 наурыздағы көрсеткіш бойынша жағдайы ауыр науқастардың саны 32 пайызға артып, 440 адамды құрады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, наурыз айынан бастап халықты тестілеуден өткізу көлемі тәулігіне 49 мың зерттеугедейін артты. Ақпан айында тәулігіне 38 мыңға дейін зерттеу жүргізілді. Тестілеуден өткізудің тәуліктік қуаты 113 мың зерттеуді құрайды.