ЕАЭО мемлекеттерінің технопарктері бір жобаны бастау үшін бірігуі мүмкін. Ол туралы «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» форумында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің вице-министрі Динара Щеглова мәлімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз былтырғы форумнан бастап ЕАЭО мемлекеттерімен бірге жұмыс істейміз деп шешкенбіз. Бұл жолы технопарктердің бірігуі мен инновациялық экожүйе туралы айтамыз. Бұл ынтымақтастық бірлескен жобамызды іске асырып, цифрлық экономиканы біз күткендей деңгейге жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар, бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Бүгін ЕАЭО мемлекеттері технопарктерінің басын қосатын меморандумға қол қоямыз деген ойдамын», - деді Динара Щеглова.
Сондай-ақ, спикер «Астана Хабтың» жетістіктері мен мемлекет қызығып отырған өзге де жобалар туралы айтып берді.
«Өздеріңіз білетіндей, астаналық технопарк былтыр ашылған болатын. Бұл - Қазақстан мен IT қауымдастық үшін айтарлықтай маңызды оқиға. Біз осындай инновациялық жобаларды көптен бері күткен едік. Табысты жобалармен акселерациондық бағдарлама жүргіздік. Экспортқа жұмыс жасайтын жобалар да бар. Мысалы, Сингапур мен Малайзияда «Астана хабтың» биометрияға қатысты жобасына көпшілік қызығушылық танытты. Біздің стартаптар әлемнің 100 мықты жобасы кірген халықаралық Азия олимпиадасына қатысты. Біз оны Қазақстанның стартаперлері үшін үлкен жетістік деп білеміз. Акселерациондық бағдарлама аясында инвестициялар келіп жатыр. Жалпы, ол біз үшін өз жобаңды көрсету ғана емес, сондай-ақ, бір-бірімен тәжірибе алмасу», - деді ол.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары «Астана Хаб» бағдарламаларына шамамен 1,5 мың әзірлеуші қатысатынын жеткізді. Оның ішінде 300 адам - тұрақты резиденттер.