02 ақп, 2019 сағат 00:05

ЕАЭО елдерінің технопарктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін Алматыда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында өтіп жатқан «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0. Еуразияның инновациялық экожүйесі» халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Форумды өткізуге Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2017 жылғы қазанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында бастама білдірген.

Форумның мақсаты — инновациялық экожүйе мәселелері бойынша біліммен және тәжірибемен алмасу үшін бір құрылым аясында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қызметтерін біріктіру арқылы Еуразия аймағының әлеуетін ашу. Бұл алаң Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асыруды көздейтін маңызды бірлескен қадам ретінде қаралады. Шараға барлығы 800-ден астам халықаралық сарапшы, ЕЭК, БҰҰ, ЕАЭО елдерінің, елшіліктердің өкілдері қатысты.

Пленарлық сессияға Беларусь Республикасының Премьер-Министрі — С. Румас, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі — М. Абылгазиев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі — Д. Медведев, Армения Республикасының вице-Премьер-Министрі М. Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты. Бұдан өзге, пікірталастарға цифрлық инновациялар саласындағы халықаралық сарапшылар: цифрлық экономиканы трансформациялау жөніндегі кеңесші, Малайзия цифрлық экономика корпорациясының бұрынғы СЕО Ясмин Махмуд, Big Innovation Centre бас директоры Биргитта Андерсен, LINAGORA негізін салушы Александр Запольский, Tlabs CEO, Singularity University экономика және қаржы факультетінің басшысы Амин Туфани қатысты.

Сессия барысында ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру және инновациялық экожүйені дамыту үшін, соның ішінде Одаққа мүше мемлекеттердің технопарктерін біріктіру мен жаңа цифрлық жобаларды іске қосу арқылы күш-жігерді одан әрі біріктіру мәселелері талқыланды. Шара қатысушылары заманауи цифрлық экономиканы құру саласындағы елдік тәжірибелермен бөлісті. Инновациялар елдерге бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейімделген болуға және өмірдің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні аталып өтті. Осылайша, инновациялар бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға, бизнесті өсіруге және жаңа жұмыс орындарын құруға негіз болады, сондай-ақ денсаулық сақтау, экология, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы проблемаларды шешуге көмектеседі.

Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде барлық инновациялар мен технологиялардың басты мақсаты адамдардың өмірін жақсарту, олардың жұмысы мен өсуіне қолайлы жағдайлар жасау екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 60% электронды үкімет порталы арқылы ұсынылады, биыл аталған көрсеткішті 80% жеткізу міндеті тұр. Бұған қоса eGov-тан mGov-қа (мобильді үкімет) көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға арналған Astana Hub халықаралық технологиялық паркі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Hub 100% толған. Сонымен қатар, инновациялық саланың мықты ойыншыларын одан әрі тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Astana Hub қатысушылары үшін таланттардың басын қосып, бәсекелестікті дамыту мақсатында барлық қажетті жағдайлар жасалған: жеңілдетілген виза және еңбек режимдері, арендалық тұрғын үй беру, гранттық қаржыландыру құралдары. Бұдан өзге, ЕАЭО ішінде бәсекелестікті дамыту стартап жобалардың сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні аталып өтті.

Бұған қоса, инновациялық экожүйені құрып, таланттарды дамыту үшін Қазақстанның білім беру жүйесінде, соның ішінде орта, кәсіби және жоғары білім беру саласында бірқатар реформалар жүргізілді. Мәселен, Астанада мамандандырылған АТ-университет ашу көзделген, оның жұмысы Astana Hub қызметімен тікелей байланысты болмақ. Ғылыми қызметті қолдау бойынша жекелеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Елбасы Н. Назарбаев өткен жылдың қазан айында 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ 10% дейін жеткізу туралы міндет қойды, сонымен қатар ЖІӨ-де ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындарды 2025 жылға дейін 1% жеткізуді тапсырды.  

Пленарлық сессия қорытындысы бойынша цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, Astana Hub (Қазақстан), «Сколково» (Ресей), «Кәсіпорындар инкубаторы» (Армения), «Жоғары технологиялар паркі» (Қырғызстан) технопарктері арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Форум жұмысы «ЕАЭО цифрлық күн тәртібі», «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландыру (БҰҰ)», «Инновациялық экожүйедегі цифрландыру», «Индустрия 4.0 – инновациялық экожүйе тұтынушысы», «Шағын және орта бизнесті цифрландыру» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен жалғасты.