09 шіл, 2025 сағат 15:32

ЕАЭО-да жүк тасымалы цифрланады: e-CMR пилоттық жобасы іске қосылады

Фото: ҚР СжИМ

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері халықаралық жүк тасымалын жеңілдету және процестерді ашық ету мақсатында электронды халықаралық жүкқұжаттарын (e-CMR) қолдану бойынша пилоттық жобаны іске асыруға кірісті. Бұл туралы шешім 2024 жылғы 29 қарашада өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысында қабылданған, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаның басты мақсаты – электронды цифрлық қолтаңба мен сенімді үшінші тарапты пайдалану арқылы трансшекаралық құжат айналымын заңды негізде тестілеу. Бұл логистика саласын цифрландыру мен халықаралық тасымал рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Қағазсыз формат – уақыт үнемі:
Сарапшылардың пікірінше, электронды құжаттар (e-CMR) қағаз нұсқасына қарағанда әлдеқайда тиімді:

  • Қағаз құжатты рәсімдеуге 20 минут кетсе,

  • e-CMR небәрі 1 минутта дайын болады.

Бұл шекарадан өтуді жылдамдатып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтады және тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Пилоттық жобаға:

  • Уәкілетті мемлекеттік органдар,

  • Электронды құжат айналымы операторлары,

  • Тасымалдаушылар,

  • Жүк жөнелтушілер мен алушылар қатысады.

2025 жылдың 11 наурызында ЕЭК Алқасы арнайы жұмыс тобын құрып, 12 мамырда алғашқы отырысы өтті. Онда жобаның құрылымы, заңдық және техникалық талаптары нақтыланды. Пилоттық тасымалдауларды келесі жылдың бірінші жартыжылдығында бастау жоспарланып отыр.

Жұмыс тобы мынадай негізгі міндеттерді орындауда:

  • Бірыңғай e-CMR форматын әзірлеу;

  • Құжаттардың шекарадан өту кезіндегі құқықтық маңызын қамтамасыз ету;

  • ЭҚА операторлары мен сенімді үшінші тараптың өзара әрекеттесу тәртібін белгілеу.

Жұмыс тобының келесі отырысы 2025 жылдың қыркүйегінде өтеді.

Пилоттық жобаның қорытындысы ЕЭК Кеңесіне ұсынылып, ЕАЭО аясында электрондық ілеспе құжаттарды кең көлемде енгізу бойынша келесі шешімдерге негіз болады. Бұл Еуразиялық кеңістікте заманауи, тиімді және автоматтандырылған көлік жүйесін қалыптастыруға жол ашады.