29 мау, 2021 сағат 13:30

Дзюдодан ҚР ерлер құрамасынан Токио Олимпиадасына баратындар аталды


Дзюдодан ерлердің ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

«Дзюдодан Токио Олимпиадасына баратын құрам бүгінде белгілі. Осыған дейін айтқанымыздай, Олимпиада ойындарына Олимпиадалық рейтингіде жоғары орында тұрған спортшы барады. Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасының 7 спортшысы рейтингіде тиісті ұпайды жинады. Алайда әр салмақтан бір спортшы ғана қатыса алатындықтан, біз алдыңғы қатарда тұрған спортшыға мүмкіндік бергенді құп көрдік.

Әлем чемпионатына дейін ұлттық құраманың бапкерлері ақылдасып, 60 келіде Ғұсман Қырғызбаевты әлем біріншілігіне, ал Елдос Сметовті Олимпиада ойындарына дайындағанды жөн санадық. Екі спортшымызды екі маңызды жарысқа арнайы дайындадық. Ғұсман Қырғызбаев Будапеште үмітімізді ақтап, әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды.

Ал 66 келіде Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжановтың арасындағы бәсеке өте тартысты жүрді. Бес жылға созылған олимпиадалық циклде екі дзюдошыға бірдей мүмкіндік беріліп, әлемдік жарыстарға қатар шықты. Әлем чемпионатының алдында дәл осы салмақ бойынша да бапкерлермен ақылдасып, Токиоға баратын спортшы әлем чемпионатынан кейін белгілі болады деп тарқасқанбыз. Өздеріңіз көргендей, Елдос Жұмақанов әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, жарыста бесінші болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінгенде, сөзсіз, Елдос олимпиадалық рейтингіде алдыңғы қатарға шығатын еді. Алайда, жарақатына байланысты ол жартылай финалда тоқтады.

Қазіргі таңда 66 келіде Ерлан Серікжанов рейтингіде жоғары тұр. Сондықтан осы салмақ бойынша Ерлан Серікжанов Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды.

Ал қалған салмақтар бойынша рейтингіде тиісті ұпай еншілеген балуандар Токиоға аттанады.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам БозбаевОлимпиада ойындарына қатысады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Хамза құрлықтық квотаға ие болды.

Осылайша, Токио Олимпиадасына ерлер құрамасынан жалпы саны 5 дзюдошы қатысады. Олар: Елдос Сметов (60 кг), Ерлан Серікжанов (66 кг), Жансай Смағұлов(73 кг), Дидар Хамза (81 кг) және Ислам Бозбаев (90 кг)», - дейді дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев.