АҚШ-тағы президент сайлауында жеңген Джо Байденге дүйсенбі күні коронавирус вакцинасы егілді. Байденге дәрі егу процесі ұлттық телеарнадан тікелей эфирде көрсетілді. Кейін ол Делавэр штатындағы ChristianaCare клиникасының қызметкеріне алғыс айтып, жаппай егу бағдарламасының басталуына мұрындық болған Дональд Трамп әкімшілігінің жұмысын жоғары бағалады.
Байден америкалықтарға вакцинаның қауіпсіз екенін айтты.
"Мен мұны вакцина әзір болған кезде адамдар салғызуға дайын болуы үшін жария түрде көрсетіп жатырмын. Уайымдайтын себеп жоқ. Мен екінші екпені асыға күтемін", - деді ол.
Байден вакцинаны жұбайы Джилл де салғызғанын атап өтті.
Президенттің баспасөз хатшысы Джен Псаки, вице-президент Камала Харрис және оның күйеуі Дуг Эмхофф келесі аптада екпе салғызатынын айтты.
Бұның алдында вице-президент Майк Пенс бастаған бірқатар саясаткер жұрттың көзінше коронавирус екпесін салдыртқан. Саясаткерлер осылайша вакцинаның қауіпсіз екенін дәлелдегісі келетінін айтып, америкалықтарды егуден бас тартпауға үндеген.
Байденге Pfizer және BioNTech корпорациясының препараты салынған. АҚШ-та тұрғындарға Moderna компаниясының вакцинасы да салынып жатыр.
78 жастағы Байденді дәрігерлер жасына байланысты коронавирус инфекциясын ауыр қабылдауы мүмкін топқа жатқызады. Ол қоғам алдында үнемі маска тағып жүреді. Жүрген жерінде америкалықтарды сақтық шараларын орындауға шақырумен келеді.
АҚШ-та күн сайын орташа есеппен 200 мыңнан астам коронавирусқа шалдығады. Инфекция жұқтырғандар 18 миллионнан асты. 320 мыңы қайтыс болды.