20 ақп, 2023 сағат 17:44

Джо Байден Киевке барды

АҚШ президенті Джо Байден дүйсенбіде жоспардан тыс сапармен Киевке барды. Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары Украина астанасында таң атқалы бірнеше көше жабық тұрғанына назар аударған.

20 ақпанда түс ауа Байден мен Владимир Зеленскийдің Киевтегі Михайлов шіркеуінде жүрген видеосы тарады. Украина басылымдары АҚШ президенті шіркеуге соғыста қаза болған украиналықтар рухына тағзым етуге барғанын жазды.

Кейін Зеленский Telegram-дағы арнасында "Джо Байден, Киевке қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз – Украина халқына өте үлкен қолдау" деп алғыс білдірді.

Байденнің өзі де "АҚШ демократияны, Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін толық қолдайтынын растау үшін" Киевке келгенін мәлімдеді.

Бұған дейін Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Мельник Ресейдің Украинаға басқыншылығының бір жылдығы қарсаңында "тосын сый" дайындалып отырғанын хабарлаған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі, журналистер мен саясаткерлер Киевке АҚШ президенті Джо Байден алдын ала хабарламай келуі мүмкін деген болжам жасаған.

21 ақпанда Джо Байденнің Польшаға сапары басталады. Ал Ақ үй Байденнің Украинаға баратынын хабарлаған жоқ.

Сондай-ақ Киевке таяуда өткен Мюнхен конференциясында Украинаны қолдап сөз сөйлеген АҚШ вице-президенті Камала Харрис келуі мүмкін деген болжамдар болған.

Бақылаушылар Еуропа одағы сыртқы істер министрлерінің Брюссельдегі кездесуінде Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба болмағанына да назар аударған.

Украинаның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, Батыс елдерінің жетекшілері Киевке теміржолмен қатынайды. Байденнің Украинаға немен барғаны белгісіз.

Сонымен қатар Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік өкілі Джон Кирбидің мәлімдеуінше, Байден Польшаға сапары барысында ресейліктер мен президент Владимир Путинге жеке үндеу жолдамақ.

Айта кетейік, Киевте Мәскеу уақытымен сағат 12.30-да әуе дабылы іске қосылған. Ол Беларусь жерінен "Кинжал" зымыранын алып ұшатын МиГ-31 ұшағы әуеге көтерілгеніне байланысты болуы мүмкін деген жорамал бар.

АҚШ президенттерінің бірі Украинаға 2008 жылдан бері бірінші рет барып отыр. 2008 жылы Киевке кіші Джордж Буш барған болатын. Ал Байден Барак Обама әкімшілігі кезінде Украинаға вице-президент ретінде бірнеше рет сапар жасаған. Ресей басқыншылығы басталғалы Украинаға барған АҚШ-тың ең үлкен жоғары лауазымды қызметкері – мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен.

Еске салайық, 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл болады.