25 мау, 2019 сағат 12:57

Джентльмендер клубы Арыста зардап шеккендерге 10 млн теңге аударды

Қазақстанның Джентльмендер клубы белгілі кәсіпкер Оралбек Ботбайдың қолдауымен Арыс тұрғындарына 10 млн теңге аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанның Джентльмендер клубы белгілі кәсіпкер, өз елінің нағыз патриоты, үлгілі джентельмен Оралбек Ботбайдың қолдауымен Арыстағы отбасылардың қажеттілігі үшін 10 млн теңге аударады. Қазақтар ешқашан бірін-бірі қиын кезеңде тастап кеткен емес. Біздің осынау көп ғасырлық ізгі дәстүріміз ХХІ ғасырда да жалғасын тапты», - деп жазды клуб көшбасшысы Арман Қашқынбеков facebook парақшасында.

Еске сала кетсек, Қазақстанның Джентльмендер клубы бұған дейін де мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп келеді. Бұған дейін клуб мүшелері өскемендік 7 балалы отбасыға үй алатын ақша берген болатын.

«Осынау бастама көптің назарына іліге бастады. Бастамаға біздің бизнесмен досымыз Оралбек Ботпай да қолдау көрсететінін жеткізді. Осылайша, бизнесменнің қолдауымен бүгін «Қазақстан барысы-2019» турнирінің қорытындысында көпбалалы отбасыға бір үйдің қаражаты табысталды. Яғни, өскемендік отбасыға жасалған қолдау - Джентельмендер клубының баспана сыйлау бойынша екінші жобасы. Өскемендегі 7 балалы отбасының отағасы ғана жұмыс істейді. Аядай бөлмені жалдап тұрып жатқан отбасыға осылайша үй алып беруді шештік», - деген еді клуб көшбасшысы.