Әлемге танымал актер Джеки Чан қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге өзінің үнтаспасын сыйға тартты. Бұл туралы әншінің өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Әнші актердің кездескен сайын өзіне сый жасайтынын айтады. Бұл жолы да ол ерекше тарту жасап, батасын берген. Ал Димаш Құдайберген өз кезегінде қазақтың шапанын сыйға тартқан.
"Джеки ағаның қарапайымдылығы туралы айтпаса да белгілі. Бала кезден сүйіп өскен актёрім маған әрдайым көріскенде батасын беріп, жол сілтейді. Бүгін ағамыздың жаңа үнтаспасының тұсаукесерінде болдым. Қолымда - Джеки ағаның берген сыйлығы. Дәстүріміз бойынша қазақстандық заманауи шапанды кигіздім. Көңіліңізге, пейіліңізге үлкен рахмет. Күллі әлемді аузына қаратқан кісі осыншалық қарапайым болып жүргендігі қатты қуантады. Ұзақ ғұмыр тілеймін", — деді әнші.
Осы уақытқа дейін кездескен кезде Джеки Чан Димашқа өзінің күртесін сыйға тартып, бірге би билеген еді. Сондай-ақ, олар Астана қаласында өткен Қазақстан-Қытай кинофестивалінің ашылу салтанатында бірге ән салған-ды.