04 қыр, 2020 сағат 12:11

ДСМ болжамы: Коронавирустың екінші толқынында қанша адам ауруы мүмкін?

Коронавирустың екінші толқынында елімізде 50 мыңнан астам адам ауруы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Болжамның үш түрі болады: негатив, болуы мүмкін орташа және позитив. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі және Үкімет негатив болжамға дайын. Егер негатив болжам орындалатын болса, онда жақын арада Қазақстанда 50 мыңнан астам адам індетке шалдығуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін барлық емхананы дайындадық. Дәрі тапшылығы мәселесі бүгінде шешілді. Сондай-ақ, тұмауға қарсы екпе науқаны биыл екі апта ерте басталады. Яғни, 15 қыркүйекте бастаймыз. Аталған жұмыстың нәтижесі, Денсаулық сақтау министрлігінің пайымдауынша, негатив болжамды жоққа шығарады», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындалып, медициналық жабдықтар сатып алып жатыр. 

Қазір 185 медициналық ұйымның 132-сі ғана рентген диагностикалық аппаратымен қамтамасыз етілген, 2020 жылдың қазанына дейін олар 100% жабдықталады.