28 қаз, 2019 сағат 16:26

Дрон, электршокер, травматикалық қару: Қорықшыларды жаңаша жабдықтау ұсынылды

Қазақстанның табиғатты қорғау қызметтері жаңа заманауи құралдармен жабдықталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

«Браконьерлерді ұстауда жедел шаралар қабылдау мақсатында ҚР ІІМ облыстық аумақтық инспекциялардың, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметтік автокөліктерін арнайы көлік құралдары санатына жатқызу жөнінде жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер енгізеді. Нәтижесінде, бұл автокөліктер арнайы дауыс зорайтқыш құрылғымен, арнайы дабылмен және жасыл түсті жолақтармен жабдықталады», - делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, табиғатты қорғау қызметтерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту үшін жаңа нормативтер әзірленген.

«Мұнда браконьерлікке қарсы күреске арналған қазіргі заманғы технологиялар мен құралдар – дрондар, кеуде камералары, арнайы техника, электршокер, травматикалық қару, жеке қорғаныс құралдары және т.б. енгізуді көзделген. Қазіргі уақытта аталған нормативтер тиісті мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр», - деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

Еске сала кетсек, 25 қазанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында браконьердің ізіне түскен қорықшы Әділ Кенжеғұлов мерт болды. Ол - жыл басынан бері табиғатты қорғау жолында қаза тапқан үшінші инспектор.

Одан бөлек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі табиғатты қорғау инспекторларының қару қолдану құзыретін өзгертуді ұсынып отыр.