АҚШ Президентінің ұлы кіші Дональд Трамп Моңғолияда қазақ киіз үйіне қонып, демалысын өткізіп қайтты. Алған әсері туралы ол Инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жігіттер, ұлым Доннимен бірге киіз үйде өткен өмірді де көрдік. Өткен аптада Моңғолияны зерттеуге шыққан едік. Ұзақ шақырымдарды атпен, кейін 4WD-мен басып өттік. Жуық арада әлі де фотоларды саламын. Шынында да, бұл жақ – мен көрген ең көркем жерлердің бірі. Адамдардан жылылық пен мейірімділік есіп тұр. Осынау керемет тәжірибеден кейін әлеуметтік желіге қайтып келген біртүрлі екен», - деді Дональд Трамп.
Кіші Дональд Трамп парақшасына Моңғолия жерін аралау кезіндегі бірнеше фотоны жүктеген.
Montsame сайтының хабарлауынша, АҚШ президентінің ұлы Баян-Өлгей аймағында болған. Хуйтэн-Оргил (Суық шың) тауын бағындыру үшін Алтай-Таван-Богд тауларын бетке алған. Ұлан-Батырдағы АҚШ елшілігі мемлекеттік маңыздағы сапар болмағандықтан, қосымша ақпараттан бейхабар екенін жария еткен.
Ал Моңғолия президенті Халтмагийн Баттулга Дональд Трамптың 13 жастағы ұлы Бэррон Трампқа тұлпар сыйлағаны туралы да шетелдік БАҚ көздері жарыса жазды.
Кіші Дональд Трамппен бірге түскен фотосуреттерді жүктеген Жандос Қоңтарбай Ақат есімді Моңғолия қазағы америкалық меймандардың саяхат кезінде бақташылардың үлкен тобына барып, көшпелі өмірмен танысқанын жазады.
«Мен үйге кірген кезде, әкем, оны ыстық шаймен қарсы алды. Кіші Дональд Трамп әкемнің құрметіне риза болды. Осы саяхатты ұйымдастыруға көмектескендерге көп рахмет. Біз бірге Моңғолияның туризмін әлемдік аренада ілгерілете аламыз», - дейді ол facebook парақшасында.