Докторантура емтихандары облыс орталықтарындағы тестілеу пунктерінде ғана өтуі тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бұл мәселені бірнеше рет талқыладық. Жоғары оқу орындары мәселені біледі деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, биыл докторантураға қабылдауды электронды форматқа көшіріп жатырмыз. Магистратура бойынша өткен жылы пилоттық форматта бірінші рет электронды түрде өткізген едік. Биыл магистратураға қабылдау осы форматта жалғасатын болады.
Ал докторантураға қабылдау алғаш рет электронды форматта өтеді. Бұл, ең бастысы, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталған. Сондықтан жергілікті бақылау департаменттері осы жұмысты қамтамасыз етсін. Әрине, емтихандар облыс орталықтарында орналасқан тестілеу пунктерінде ғана өтуі керек. Осы пунктерде ғана тестілеуді ұйымдастыратын боламыз», - деді Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.
Айта кетейік, қазіргі уақытта магистуратура және докторантураға құжаттар Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып жатыр.
Магистратураға кешенді тестілеу 20 шілдеден 10 тамызға дейін жалғасады. Ал докторантураға түсу емтиханы 4-20 тамыз аралығында өтеді.
