Қазақстанда дизель отыны бағасы тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланады. Түрлі санаттарға қандай баға белгіленетінін энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Ақшолақовтың айтуынша, министрлік қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында бұйрық жобасын жариялайды.
"Жасырмаймын, азаматтарымызда жүргізуші куәлігі болған жағдайда қолданыстағы бағамен күніне 100 литр дизель отынын құю құқығы болғанын қалаймыз – өңірлерде литріне 230-260 теңге. Бұл жеткілікті. Ол бір күнде осы бағамен ала алады, ал одан көп алғысы келсе, баға басқаша болады", - деді Энергетика министрлігінің басшысы ОКҚ брифингінде.
Жүк тасымалы үшін жүргізуші куәлігі мен автокөліктің Қазақстанда тіркелгенін растайтын тіркеу куәлігі болса, тәуліктік лимит шамамен 300 литр болады.
"Бұл, негізінен, қозғалтқыштың көлеміне байланысты шамамен бір мың шақырым жүріске тең. Біз 100 километрге 35 литр отын кететінін есепке алдық. Жүк көлігінің жүруіне 300 литр жетеді. Мүмкін, көлемі бойынша түзетулер болуы мүмкін, ол сайтта көрсетіледі.
Бұл топқа жатпайтын әрбір адам жанармай құю бекеттерінде литріне шамамен 450 теңгеден (дизель отынын – еск.) жанармай құя алады", - деп толықтырды ол.
Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі дизель отыны бағасын тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай саралауды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын. Бұл туралы энергетика министрлігінің басшысы Болат Ақшолақов мәлімдеген еді.
884 рет оқылды