Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева Қазақстан коронавирус инфекциясымен күрес тәсілін неліктен өзгерткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір ел ішіндегі «коронавирус жұқтырғандарды алдымен жатқызу керек деді, кейін керек емес деді» деген уәж айтылып жатқанын білеміз. Бірақ коронавирусқа қатысты жағдайдың да өзгеріске ұшырап жатқанын ескеру керек. Әу баста жұқтырғандардың бәрін де тегіс жатқыздық. Себебі бізде мүмкіндік болды. Инфекцияның популяцияға кетіп қалғанын қаламадық. Барынша ұстап тұрдық. Ал қазір концентрация ұлғайып кетті. Кезінде адамдарды жатқызған кезде кейбіреулер шағымданып, мүлде сау екенін де айтып, шуласқан еді. Бірақ бәрібір айналып келгенде коронавирустың ел ішіне тарап кеткенін көріп отырмыз», - деді Динагүл Баешева Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы «Министрлік хабарлайды» айдарында.
Коронавирусқа қатысты жағдайдың өзгеруіне байланысты онымен күресудің ұстанымы мен әдісіне де өзгерістер енгізілген.
«Бұл – халықаралық стандарт. Кейбір мемлекеттер бірден ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға кірісіп кетті. Мәселен Еуропа елдерінің кейбірі вирус тарай берсін, тек Қарттар үйін жабамыз десті. Бірақ ол елдер қазір бәрібір әкімшілік шараларды қолдану керек екенін кеш түсініп отыр», - деді ол.
Динагүл Баешеваның сөзінше, Қазақстан коронавируспен күрестің жарқын үлгісін бірқатар мемлекетке көрсете білген.
«Ал қазір біз осы күрес дағдысын ұстанып, тың амалды қолдана білуіміз қажет. Қазір жағдай өзгерді. Сол себепті күрес тәсілін де өзгертуіміз керек. Айналып келгенде бұл – вируспен соғыс. Вирус тактикасын өзгертуде. Біз де күрес тәсілін өзгеруіміз керек. Қазір шу көтеріліп жатыр. Сабырға келу керек. Шу ештеңені шешпейді», - деді ол.