Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева Қазақстанның COVID-2019 ауруымен жүргізіп жатқан күресіне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қандай мәселе туындамасын – біз салыстырмалы түрде қараймыз. Басқа елдерге қарағанда Қазақстандағы көрсеткіш әлдеқайда жақсы. Біріншіден Үкіметтен бастап қарапайым азаматтарға дейін бұл іске атсалысты. Бұл –жұмыла істеген жұмыстың нәтижесі. Алдын алу шаралары қабылданды. Бір-екі күнді ұтқанның арқасында бұл вирустың тізгіндей алдық. Дәрігерлер мен эпидемиологтер, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың кең таралуын тоқтатты», - деді медицина ғылымдарының докторы Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парақшасындағы сұхбат барысында.
Карантин тәртібі қазақстандықтарға нені үйретті? Бұл сұраққа жауап берген Динагүл Баешева Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғалы мұндай індетпен бірінші рет бетпе-бет келгенін еске салды. Оның айтуынша коронавирустың ішіне бірнеше штамм кіреді. Мысалы Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур елдерінде 2000 жылдардан бері әртүрлі штамдары кездескен.
«Содан бері коронавирустың бұл штамдарынан қаншама адам қайтыс болып кетті. Сондықтан ондағы адамдар індетке тез үйреніп алған. Пандемия басталды деген кезде жылдам оқшауланып, қорғаныс шектеулерін ұстана білді. Біздің ел де осындай шараларды қолдана білгенін атап өту керек. Қазақстанда коронавирус тіркелмей жатып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары өте жіті жүргізілді. Халық білді. Көбі қорғаныс шараларын қабылдап, қазір де бетперде тағып, бір-біріне аса жақындай қоймайды. Халықтың дұрыс көзқарасы қалыптасты. Осының бәрінің арқасында коронавирустың көз жұмған адамдардың саны басқа елдерге қарағанда төмендеу болып отыр», - деді ол.
Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері кейбір адамдардың «коронавирусты жалған» деп сенбегенін де айтып өтті.
«Коронавирустан осы уақытқа дейін көз жұмған адамдардың кейбірі тойға барып, жүріп қалған. Артынша ол адамдар бірталай кісіге жұқтырды. Қазір де ондай жағдай бар. Шетелден келіп жатқан азаматтар да аз емес. Кейбірі қауіпсіздік шараларын қабылдады. Кейбір жағдайда мүлдем басқаша, мәселен Қызылордада азаматтардың бірі Мәскеуден ұшып келіп, ертеңінде үйіне қонақ шақырып бәріне вирус жұқтырған. Індетке қатысты адамдар әртүрлі көзқараста. Бірақ бұл инфекция жұқпалы екенін, көпке зиянымызды тигізіп алуымыз мүмкін екеніне көзіміз жетіп отыр», - деді ол.
Динагүл Баешева алдағы уақытта гигиена сақтау керектігін ескертеді. Түшкіру мен жөтелудің мәдениетін үйреніп, маска тағып, қолды жуып, бетті жиі ұстай бермеудің арқасында коронавирустан сақтана алатынымызды айтады.