04 сәу, 2019 сағат 11:09

Димаштың Нұр-Сұлтандағы концерті: Билеттердің жартысынан көбі сатылып кетті

Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің елордада өтетін концертіне билеттердің басым бөлігі сатылып кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" отандық ақпарат агенттіктеріне сілтеме жасап.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Qazaqstan телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин мәлім етті.

"18 наурызда Димаштың концертіне билеттер сатыла бастады. Көрермендер тарапынан қызығушылық жоғары. Сатылымға шыққан алғашқы күні 6926 билет (30%) сатылған. Бір аптадан кейін билеттер сатылымы 11099-ға (48,2%) жеткен. Бүгінде сатылым 70 пайызға жетті", - деді ол.

Сонымен қатар Ерлан Қарин атап өткендей, түрлі елдердегі Димаштың фанаттары билеттерді жанталаса сатып алып жатыр. Оның айтуынша, 16 елден, тіпті Африка құрлығынан да билетті сатып алушылар болыпты.

"Билеттерді сатып алушылардың географиялық ауқымы кең. Біз оған таңғалған жоқпыз. Оған дайын болдық. Концертке дайындықты бастамас бұрын Димаштың фан топтарымен байланыста болдық. Қазіргі уақытта билеттер Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Нидерланды, Румыния, Польша, Түркияға сатылды. Ең алыс елдерден Канада, Австралия, Бразилия, Мексика, Африка құрлығының да мемлекеттері бар", - деді төраға.

Оның айтуынша, Димаштың Мәскеудегі концертіне 50 елден жанкүйерлері келген. Елордадағы концертте жанкүйерлердің саны одан да көп болады деген үміт бар.

«Қосымша жаңа әндер орындалатын болады. Шоу кинетикалық стильде құрылған, оның образына дейін имиджмейкерлермен кеңінен ойластырылған. Әр нөмір - ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, шағын спектакль десе болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдайлар, мультимедиялық шешімдер, сахнаның әрленуі, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр. Концерттін тв нұсқасын сапалы түсіру жұмыстары да ойластырылуда, алдағы 3 айға жоспар құрылған. Шығармашылық топ музыкалық материалдармен, қойылым жұмыстары мен графикалық шешімдер толық іске асырылып жатыр. Концертке қатысатын әр түрлі жанрдағы бишілер тобына арнайы кастинг жүргізілді. Кастинг қорытындысы бойынша халықаралық алаңдарда өнер көрсеткен еліміздің ең мықты бишілері қатысатын болды», - дейді ол.

Сондай-ақ, Ерлан Кариннің айтуынша, «Қазақстан» ұлттық арнасы әнші Димаш Құдайберген туралы деректі фильм түсіруді бастап кеткен.

«Димаштың Нұр-Сұлтанда өтетін концертінен басқа тағы бір жобамыз - әнші туралы деректі фильм. Ол жөнінде біз бір уақытта келістік. Өткен жылы Димаштың концертін ұйымдастыру жөнінде ақылдасып жатқан уақытта, деректі фильм түсірсек деген ұсыныс айтқан едік. Оның шығармашылығына қызығушылық өте үлкен», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы Ерлан Тынымбайұлы.

Оның айтуынша, әншінің келісімін алғаннан кейін шағын шығармашылық топ жұмысқа кірісіп кеткен.

«Бұл фильмде бұрын жарияланбаған түрлі бейнематериалдар көрсетілетін болады. Оған дайындық барысында біздің команда әншінің Мәскеудегі концертіне барды. Әріптестерімен арнайы сұхбаттар түсірді. Мәскеудегі концертінен кейін Қытайға сапарға аттанып, Хунан арнасындағы үлкен шоуға қатысты. Біз шоудың түсіріліміне де қатысып, ол жақта да Қытайдағы достары мен әріптестері тарапынан сұхбаттарды түсірдік. Әрине, негізгі түсірілім Нұр-Сұлтанда 29 маусымда өтетін концертіне байланысты болды. Оқиға желісі осының негізінде құрылады. Бұл - Димаштың ең үлкен концерті. Әлбетте, Димаштың әлемнің әр түкпірінде концерті өтіп жатыр. Бірақ, бұл ең ауқымды концерті болады деп ойлап отырмыз», - дейді Ерлан Қарин.

Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайберген Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай Qazaqstan телеарнасының шығармашылық ұжымымен бірлесіп, елордада жеке концерт береді. "Арнау" атты ән кеші "Астана-Арена" стадионында 29 маусымда өтеді.

2017 жылы Димаштың алғашқы "Бастау" концерті елордада өткен болатын.