Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаxоджаеваның айтуынша, Димаш Құдайберген өзінің репертуарын жаңартып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Қазіргі кезде ол Hunan TV студиясында жаңа әндерін жазуда. Бірақ қандай әндер және кімнің жазғаны туралы әзірше айта алмаймыз. Негізі жаңа әнді жазу оңай емес қой. Концертке бір ай уақыт қалды. Димаштың жүрекке жақын әндерді орындайтынын білеміз. Соның бәрін жеке концертінде тыңдай аласыздар. Жалпы оған репертуарды үнемі жаңартып отыру қажет. Ол шығармашылық үшін, әнші ретінде өсу үшін керек", - деді А. Мұсаxоджаева журналистерге берген сұxбатында.
Оның айтуынша, концертте Димашпен бірге ән айтатын эстрада жұлдыздары әлі анықталған жоқ. Дегенмен, ағайынды Меладзе, Лара Фабиан, сондай-ақ қазақстандық әншілермен келіссөздер жүріп жатыр. "Әрине, "I am Singer" байқауында Димашпен бірге өнер көрсеткен әншілердің келгенін де қалар едік. Себебі олар бірге де, бөлек те ән айта алады. Байқау әншілерінің Қазақстанға келу-келмеуіне қатысты нақты ештеме айта алмаймын. Дегенмен, қытайлық жұлдыздардың Hunan TV-мен келісімдері бар екенін ескерсек, концертке олардың да келуі бек мүмкін", - деп атап көрсетті университет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін министр Арыстанбек Мұxамедиұлы да Димаштың концерті жайында айтқан болатын. "Біз қытайлық Hunan TV арнасымен келісімшартты рәсімдедік. Шоу өте қызықты болады. Себебі оған үздік режиссерлер тартылуда. Қазіргі кезде біз эстрадалық-симфониялық оркестрді жасақтадық. Дирижерді де анықтап қойдық. Ал Димашпен бірге ән айтатын әртістер туралы әзірге ештеңе айта алмаймын. Өйткені келісімшарт талаптары нақтылануда", - деді Мұxамедиұлы бүгін журналистерге берген сұxбатында.