Қазақстан әнші Димаш Құдайберген АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы жеке концерті қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«10 желтоқсанда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Barclays Center стадионында жеке концертім өтетінін хабарлаймын. Билет сатылымы жақында басталады. Instagram парақшамды бақылап отырыңыздар», - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетсек, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің АҚШ-та концерті өтетінін Мәдениет және спорт министрлігі хабарлаған болатын.
«АҚШ-та Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен және ұйымдастыруымен Димаштың концерті өтеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты. Ерекше кездесу өткізген министр Димаш Құдайберген АҚШ-та жеке шығармашылық концертін беретінін жеткізді. Аты әлемге әйгілі өнер иесінің бұл кеші Нью-Йорк қаласында болмақ», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің сол кездегі баспасөз хатшысы Айдар Қырықбайұлы.
Еске салсақ, Димаш Құдайберген жақында ғана елордада «Арнау» атты жеке концертін беріп , одан түскен қаржының бір бөлігін Арысқа көмек ретінде аударды.
Сондай-ақ, бұған дейін оның Лондон мен Мәскеуде жеке өнер кештері өтті.