Қазақ әншісі Димаш Құдайберген Англияда өтетін концерттен түскен қаражат Қазақстанның жас таланттарының халықаралық маңызды байқауларға қатысуын қолдауға жұмсалатынын жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген Англиядағы әйгілі «Royal Festival Hall» залында жеке кешін өткізетінін кеше хабарлаған едік.
Бүгін әнші өзінің Инстаграм парақшасында концертке қатысты барлық ресми ақпарат @kazauenderi аккаунтында жарияланатынын жазды.
«Уәде етілгендей, мен сіздерге Ұлыбританиядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында 19 қараша күні Лондонда қайырымдылық мақсатта өтетін концертім жөнінде ақпарат беремін. Коммерциялық емес концерттің ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі. Шара Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен өтеді. Жиналған барлық қаражат Қазақстанның жас таланттарын халықаралық маңызды байқауларға қатыстыруды қолдау үшін жұмсалады. Концерт өтетін «Royal Festival Hall» мекемесі тіркеу жүргізумен айналыспайды. Концертке қатысты барлық ресми ақпарат @kazauenderi аккаунтында», - деп жазды ол өзінің Инстаграм парақшасында.