17 мау, 2020 сағат 09:55

Димаш Латын Америкада концерт беру жоспарымен бөлісті

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Латын Америкада екі рет концерт өткізуді жоспарлап отыр. Әнші тікелей эфир кезінде осындай жаңалықпен бөлісті, деп жазады dimashnews.com сайты бразилиялық «Extra» газетіне сілтеме жасап.

Қазақстандық жас музыкант фанаттармен тікелей эфир кезінде Бразилия туралы тілге тиек еткен. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев та Латын Америкада концерттің алдағы уақытта өту мүмкіндігін жеткізген.

«Осыған дейін Латын Америкада концерттер беру жөнінде ұсыныстар алдық. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдыруға тура келді. Карантин аяқталған кезде ұйымдастырушылар бізге нақты ұсыныстарымен шығуы мүмкін. Біз әрине, мұны ескеретін боламыз. Латын Америкада концерттер беру біз үшін қызықты», - деді әншінің әкесі.

Бразилиялық жанкүйерлер Димаштың келесі турына Латын Америка енетініне нық сенімді. Себебі, мұндағы фан-клуб күн санап танымал болып келеді. Тіпті, қазақстандық орындаушының әлемдегі фан-клубтары арасында да танымал болып үлгерген.

Аталмыш елдегі фан-клуб (DKFCB) 24 мамырда Бразилия қаласында әншінің туған күнін атап өту мақсатында кездеспек болған. Арнайы бағдарлама да жасалған екен. Мүмкіндігі шектеулі балаларды музыкаға оқыту үшін қаржы жинауды да жоспарлапты. Алайда, COVID-19 пандемиясына байланысты қайырымдылық акциясын кейінге қалдыруға тура келген. 

Фан-клуб Шығыс Еуропадан әкелінген Димаштың қолтаңбасы бар заттарды сату арқылы 3.100,00 бразилия реалын (250 мың теңге) жинаған. Ол қаражат аз қамтылған отбасыларға бір тонна азық-түлік және тазалық құралдарын алуға жұмсалды.

«Біз қайырымдылық акциясын Димаштың туған күні қарсаңында өткізгіміз келді. Өйткені, Димаш махаббаттың, достықтың, тілектестік білдірудің және ынтымақтастықтың белгісі іспетті. Димаш үшін бұл бағалы сыйлық болатынына сенімдіміз», – дейді бразилиялық фан-клубтың әкімшісі Татьяна Рибейро.

«DKFCB» фан-клубы 2018 жылы құрылған.