Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Игорь Крутойдың туған күніне арналған кеште танымал опера әншілерімен бірге ән салды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Димаш Құдайберген Мәскеу сахнасында «Ti amo cosi» әнін Лара Фабианмен бірге орындады. Сондай-ақ, ресейлік опералық сопрано әншісі Аида Гарифуллинамен қосылып ән салды. Олардың орындауындағы әннің видеосы Димаштың instagram-дағы парақшасында жарияланды.
Бұдан бөлек, Димаш Құдайберген италиялық танымал әнші Андреа Бочеллимен дуэт орындады. Олар Besame Mucho әнін шырқады.
«Маэстромен кездеспегелі біраз болды. Грим жасайтын бөлмеде ән айтуды ұйғардық. Сахнаға шығатын сәтті күтіп отырмыз. Әлемдегі ең әдемі тенор - Андреа Бочеллимен» деп жазды Димаш Құдайберген.
Бұған дейін, Димаш Құдайберген мен Андреа Бочелли биыл мамырда кездескен болатын. Сол кезде италиялық танымал тенор әнші Димаштың даусына таңғалғанын жеткізген.
Ресейлік композитор Игорь Крутой 65 жылдық мерейтойын Америкадан соң өз Отанында жалғастырды. Бұл кеште Димаш Passione әнін орындады.