03 сәу, 2017 сағат 15:54

Димаш Қытайдағы жетім балаларға көмектесті

Димаш Құдайберген кеше Қытайдың Тиянжин қаласындағы «SOS» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

hazharas.com сайтының мәліметінше, Димаш тағдырдың тауқыметін тартқан жетім балаларға қағаз-қалам, көрпе-жастық секілді әр түрлі тұрмыстық бұйымдар тарту еткен.

«Осындай жетім балаларға көмек қолын созу - қоғамның борышы, бұдан кейін де жеткіншектердің уайым-қайғысыз өсіп жетілуі үшін өз көмегімді көрсетіп отырамын», - дейді Димаш Құдайберген.

Балалар үйінің басшылығы Димаштың кеңпейілділігіне ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хат тапсырған.

Айта кетейік, Тиянжиндегі бұл балалар үйі - «SOS» халықаралық балалар үйінің Қытайдағы ең үлкен бөлімшесі. Онда 132 жетім бала тұрады.