11 қыр, 2025 сағат 10:29

Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасына ҚТЖ арнайы пойыз жасақтады


Фото: Ашық дереккөз


Ұлттық тасымалдаушы Димаш Құдайбергеннің "Voice Beyond Horizon" халықаралық музыкалық реалити-шоуына арналған арнайы пойыз жасақтады, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі


Жоба Қытайдың жетекші медиа-холдингі Hunan Broadcasting System-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Аталған компанияның күнделікті аудиториясы 210 миллионнан астам көрерменді қамтиды. Жобаның атқарушы продюсері – әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген.


"Жолаушылар тасымалы" АҚ Қазақстан аумағында түсірілетін халықаралық "Voice Beyond Horizon" жобасына арнап арнайы музыкалық пойыздың қатынауын ұйымдастырды. Түсірілім үшін 7 жолаушылар вагоны мен 1 мейрамхана-вагон бөлінді", - делінген хабарламада.



Арнайы жасақталған пойыз шамамен 150 өнерпаз бен халықаралық деңгейдегі қонақтарды қабылдауға мүмкіндік береді.



Фото: "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы



"Пойыз "Түркістан – Ақтау – Алматы – Астана" бағыты бойынша 18 күндік сапарға шықты. Маршрут аясында ірі қалаларда түсірілімдер мен мәдени шаралар өткізіліп, Қазақстанның туристік әлеуеті мен табиғи көрікті аймақтары кеңінен таныстырылады", - дейді ҚТЖ баспасөзі.



Түсірілімдер Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтеді. Негізгі түсірілім алаңдары ретінде Шарын шатқалы, Бозжыра үстірті, Көбейтүз көлі және Сайрам-Өгем ұлттық паркі таңдалды.


Жобаның финалдық кезеңі елорда – Астанада өтпек.