01 нау, 2017 сағат 16:58

Димаш Құдайберген «Singer» байқауының келесі кезеңінде қытайша ән айтады

Қытайдың «Хунан TV» телеарнасындағы «Singer-2017» ән байқауына қатысып жатқан қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жобаның сегізінші кезеңінде қытай тілінде ән айтады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сегізінші кезеңнің түсірілім жұмыстары ертең басталады. Бүгін байқауға қатысушылар Sina weibo әлеуметтік желісінде өздерінің келесі кезеңде шырқайтын әндерін айтып, жаттығу жасағандарын жазуда. Отандасымыз бұл кезеңде қытайлық танымал әнші Хан Хунның  «Таң атты» әнін орындамақшы.

Айта кетерлігі, Хан Хун «I am singer» байқауының үшінші маусымының жеңімпазы. Ол жобаның бірінші кезеңінде өзінің «Таң атты» әнін шырқап, бірінші орыннан көрінген.

Димаш қытайлық БАҚ-тарға берген сұхбатында Хан Хунды жақсы білетінін, сондай ақ, оның әндерін жақсы көретінін айтқан болатын. Отандасымыз бұл әнді «I am singer» жобасына қатыспай тұрып орындаған еді.

Еске сала кетейік, жобаның жетінші кезеңі 4 наурыз күні эфирден көрсетіледі. Бұл кезеңде Димаш қазақтың "Дайдидау" әнімен үшінші орынды иеленді.