Қытайда «Singer» халықаралық ән байқауына қатысып жатқан отандасымыз Димаш Құдайбергеннің «Жэньминь жибао» («Халық газеті») газетіне берген сұхбаты жарияланды. ҚазАқпарт агенттігі аталған сұхбаттың толық нұсқасын ұсынып отыр.
- Өнерлі отбасында туылыпсың, қаршадайыңнан әнші болуды армандадың ба?
- Өнерлі отбасында туылғаныма, осындай ата-анам болғанына өзімді ерекше бақытты сезінемін. Ата -анам өнер адамдары болмағанда, қанша құлшынғаныммен, әнші болуым екіталай еді.
- Сеніңше қалай жақсы әнші болуға болады?
- Меніңше, музыкалық жағынан табысқа жету үшін кәсіби қабілет басым болу керек. Ең маңыздысы, әнді жүрекпен айта білуің керек. Мен Майкл Джексонның, Джеки Чанның, Лучано Павароттидің жанкүйерімін. Олардың барлығы табанды маңдай тердің арқасында табысқа жеткен. Бәрінен де маңыздысы, олардың бәрі әлемдік деңгейдегі жұлдыздар болса да, ерекше кішіпейіл, бауырмал жандар. Сондықтан мен оларды үлгі тұтамын.
- Өнер жолыңда саған ерекше ықпал еткен адам болды ма, сол туралы айтып берсең?
- Маған ерекше әсер еткен адам, әрине, менің ата-анам. Сол кісілердің арқасында осы күнге жеттім. Ұстаздарыма да ерекше алғыс айтамын. Олар әрқашанда маған қолұшын беріп, мені қолдап келеді. Әрі менің кәсіби деңгейімнің өсуіне маған мол білім берді.
- Қазақ, орыс, итальян, француз тілдерінде, тіпті қытай тілінде ән айтып әлемді таңғалдырдың. Осы тілдерді қалай үйрендің?
- Мен көп ізденемін. Опералық бағытта ән айтатын болғандықтан, әлемнің әртүрлі тілдерінде әйгілі операларды орындап көрдім. Әрине, құлшына үйрену керек. Алдымен осы елдердің музыкасы мен әуенін ұнату керек. Сосын ән мәтінін үйренесің. Осы әндерді тіпті толық түсіне аласың. Ұстаздарымның көмегімен осы тілдерді үйренуге тырысып, шетелдік операларды нақышына келтіріп орындадым. Сол арқылы неміс, украин, француз, итальян, ағылшын, түрік тілдерін үйрендім. Қазір қытай тілін үйреніп жүрмін.
- Қытайда өтіп жатқан «Singer» ән байқауына қалай келдің? Басқа халықаралық байқауларға қарағанда қандай ерекшелігін байқадың?
- Байқаудың бас режиссері, тәлімгер Хун Тао бұрынғы менің халықаралық байқауларда өнер көрсеткенімді байқап, мені осында шақырды. «Singer» байқауы - нағыз әншілер бақ сынайтын өнер додасы. Уақыты мен айналымы да ерекше ұзақ. Ол сенің сахнадағы сәтіңді ғана емес, әншінің байқауға дайындалу барысын, сондай-ақ, сахнадан тыс тұрмыс-тіршілігін де көрсетеді. Көрермендерге әншінің өнерімен бірге өмірін де толық таныстырады. Мен бұрынғы қатысқан байқаулардан «Singer» жобасының ең үлкен ерекшелігі - мұнда менен жасы үлкен, атағы әйгілі, табысқа жеткен әншілермен бірге бақ сынауға тура келді.
- «Singer» байқауында өзіңнен қандай натиже күтесің?
- Бұл сұрақ мен үшін ауыр. Байқаудың нәтижесінен бұрын, ең бастысы, көрермендердің қолдауына ие болсам деймін. Барынша жақсы өнер көрсетіп, бұдан да биік белестерге ұмтылып, жанкүйерлерімнің көңілінен шығамын деп ойлаймын. Сахнадағы әрекетіме кейде өзім де тәнті боламын.
- Сенің өнеріңнен Қазақстан мен Қытайдың музыкалық үндестігін байқағандай болдық. Мұның сыры неде деп ойлайсың?
- Екі ел музыкасының кейбір тұстары сабақтасып жатады. Өзіндік ерекшеліктері де аз емес. Қазақстан мен Қытайдың әншілік өнері жоғары деңгейде дамыған деп айтуға болады. Қытайлық көрермендердің ыстық ықыласын көргенде бейне туған жердегі достарымның ыстық құшағына бөленгендей сезіндім. Қытайлық әншілердің Қазақстанға келіп, өнер көрсетуін қолдаймын. Біздің елімізде оларды ерекше қызу қарсы алады деп сенемін.
- Қытайлық әншілерден кімді ұнатасың? Оның өнерін қалай бағалайсың?
- Менің жақсы көретін әншілерім көп. Қытайлық әншілермен көп кездесулерде болдым. Барлығы өте қарапайым, ашық-жарқын, инабатты адамдар екен. Мен тәлімгер Хан Хунды, Лин Жышуан тәлімгерді өте жақсы көремін. «Singer» бағдарламасы арқылы Лин Жышуан тәлімгермен таныстым. Алғаш кезіккенімізде ол кісі маған сондай жақын сезілді. Өте кішіпейіл, жылы жүзді адам.
- Қытай мен Қазақстан - достық қарым-қатынастағы көрші елдер. Биыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы. Қазақстанға барғысы келетін қытайлықтарға өз еліңді қалай таныстырар едің?
- Биыл маусым айында Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталады. ЭКСПО көрмесі тұңғыш рет Орталық Азия елінде өткізіледі. Барлықтарыңызды Қазақстанға келіп, ЭКСПО көрмесін тамашалауға, қазақтың әсем табиғатын көруге, дәмді тағамдарынан ауыз тиюге шақырамын. Бәрі сәтімен болса, мен аталмыш көрмеде ән айтатын боламын.
- Сөз соңында жанкүйерлеріңе қандай тілек жолдайсың?
- Армандарыңыздың орындалуын, өмір жолдарыңыздағы көздеген мақсаттарыңызға қол жеткізулеріңізді тілеймін. Арманның барлығы орындалады. Өйткені, сіздер менің арманымның орындалуына қолдау көрсеттіңіздер. Сіздердің әр күніңіз көңілді, тату-тәтті, мейірімді де сыйластыққа толу болуын тілеймін.