29 мам, 2019 сағат 11:12

Димаш Құдайберген мерекелік медальмен марапатталды


28 мамыр күні Ақтөбе облысының жұртшылығы үшін ерекше болды. Себебі, қаланың мерейлі тойының басталуы бірнеше мәдени іс-шаралармен жалғасты. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин шаһардың 150 жылдығына орай жаңадан бой көтерген Стиртбол орталығының ашылуына қатысты.

Сонымен қатар, жастар арасында ерекше дамыған көше спорт түрлерінен ұйымдастырылған фестивальді тамашалады. Өңір басшысы қала тұрғындары мен қонақтарын құтты мекеннің мерейлі тойымен құттықтап, спорт саласының дамуына үлес қосқан бірқатар үздіктерге мерекелік медальдар табыс етті.

Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин қала тұрғындарымен бірге Тұңғыш Президент атындағы саябақта ұйымдастырылған мерекелік кештің куәсі болды. Аймақ басшысы ақтөбелік жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

"Қаланың іргетасы 1869 жылы ақ төбенің басындағы бекіністің негізінде қаланған болатын. Биыл сүйікті қаламызға 150 жыл толып отыр. Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға ат салысқандарыңызға алғысымды білдіремін", - деді Оңдасын Оразалин.  

Сонымен қатар, аймаққа есімі белгілі, еңбектерімен көзге түскен түрлі саладағы 6 азаматқа мерекелік төс белгі тақты. Осы мерейтойда ақтөбеліктер тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болды. Ақтөбе тұрғындары үшін тосын сый ретінде есімі әлемге танылған жерлестері, әнші Димаш Құдайбергенов те кешке арнайы қатысты. Облыс әкімі Димаш Құдайбергеновті де "Ақтөбенің 150 жылдығы" мерекелік медалімен марапаттады. Танымал жұлдыз облыс әкіміне шексіз разылығын білдіріп, көрсетілген ерекше құрметтеріне рахметін айтты. Мерекелік кеш отшашумен аяқталды.