08 мау, 2019 сағат 12:05

Димаш Құдайберген мен Ержан Максим Мәскеу жұртшылығын таңғалдырды (Видео)

Әнші Димаш Құдайберген «Муз-ТВ 2019» сыйлығының кешінде өнер көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеш қонағы болғанын ол Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Муз-ТВ 2019» музыкалық сыйлығының шақырылған арнайы қонағы болдым», - деп жазды Димаш.

«Біз оның дауысында емдік қасиет барын білдік. Осы сахнаға шынында да, бірегей вокалдық диапазоны бар адам шыққалы отыр. Оны Ресей ғана, Қытай, тіпті бүкіл әлем мойындады. Осы әншінің сахнамызда өнер көрсететініне қуаныштымыз. Димашпен бірге маэстро Игорь Крутой бір сахнада өнер көрсетеді», - деді әншіні таныстырған кеш жүргізушісі Максим Галкин.

Осыдан кейін сахнаға шыққан Димаш ресейлік композитор Игорь Крутойдың рояльде сүйемелдеуімен «Любовь уставших лебедей» әнін орындады.


Кеш қонақтары Димаштың өнеріне тік тұрып шапалақ ұрып, құрметтерін білдірді. Әнші осыдан кейін «Мадмуазель Хайд» әнін орындап, көрерменнің одан зор қошеметіне ие болды.


«Муз-ТВ 2019» кешіне қазақстандық тағы бір дарынды әнші Ержан Максим шақырылған болатын. Жас әнші сахнада «All by myself» әнін әуелете шырқап, залдың үлкен қолдауына ие болды.

Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген мен Ержан Максим «МУЗ-ТВ» сыйлығына арналған салтанаттың қызыл кілемімен жүріп өткенін кеше хабарлаған болатынбыз.