10 мау, 2020 сағат 13:09

Димаш Құдайберген мен Аружан Саин БҰҰ өкілімен кездесті

Әнші Димаш Құдайберген мен ҚР-дағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самекпен кездесті. "Ұлт ақпарат" бұл туралы dimashnews.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әңгімелесу барысында бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды. 

«Димаш Құдайберген БҰҰ қызметін белсенді қолдаушы және #ООН75 (#UN75) жаһандық диалогына атсалысуға дайын. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы 75 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алайда, ол коронавирус пандемиясына байланысты оқшаулану кезеңіне тұспа-тұс келіп тұр», - делінген сайтта. 

«ООН75» («UN75») кампаниясы биыл қаңтар айында басталған. Мақсаты - әлемді жақсарта түсу, адамзаттың біртұтас отбасының басымдықтарын талқылау, сонымен бірге бірлескен жарқын болашақты қалыптастыруда үздік шешімдерді дискуссия жолымен анықтау.

«БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі арнайы топ жақсы әлемді құру тарихында ең ірі және ауқымды саналатын жалпыхалықтық пікірталас өткізуге бастама жасады. БҰҰ адамдардың онлайн қарым-қатынаста болуына әрдайым көп көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда да, COVID-19 кезеңінде осы бағытта күш салып, еңбек етіп келеді», - делінген ақпаратта.