Әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне 500 мың доллар сыйлады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Басылым мәліметінше, бұл жаңалықты C.U.R.E үкіметтік емес қайырымдылық қорының президенті Дуглас Джексон мәлімдеген.
"Димаш C.U.R.E жобасының амбассадоры ретінде Халықаралық әйелдер күнін онлайн форматтағы тойлау шарасына қатысып, ән салды. Одан түскен шамамен жарты миллион доллар ақша дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсау үшін Қазақстанға табысталады", - деді ол.
Онлайн форматта өткен шарада Димаш сөз сөйлегені айтылады. Одан соң қиын-қыстау – пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне арналған әнінің бейнебаяны көрсетіліпті.
"Димаш жылдың басында онлайн концерт өткізді. Одан түскен табыстың бір бөлігін ол Қазақстанның денсаулық саласына берді. 500 мың доллар дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін жұмсалатыны айтылды. Осы жағдай біздің онымен жақын танысуымызға түрткі болды. Сөйтіп оны өзіміздің бас амбассадорымыз ретінде тағайындадық. Оның медицина қызметкерлерінің жанкештілігі мен қаһармандығына арналған әні бар", - делінеді басылым сілтеме жасаған қосымша ақпаратта.