Димаш Құдайберген Францияның "France 2" бағдарламасында өнер көрсетті, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі әншінің PR-директоры әрі досы Алпамыс Шаримовқа сілтеме жасап.
Шаримовтың айтуынша, Димаш Құдайбергенді Les années bonheur жобасының бас жүргізушісі Себастьян Патрик шақыртқан. "Ол Димашты Интернеттен көріп, Франциядағы бағдарламасына арнайы құрметті қонақ ретінде шақырды. Бағдарламада Димашпен бірге әлемге танымал көптеген өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Осы кеште LP Лаура да (Лаура Перголицци) ән айтатын болады", - деп хабарлады ол.
© Алпамыс Шаримов
Бағдарлама 6 мамырда көрсетіледі. Бұл туралы әншінің өзі де Instagram желісінде жазды.
"Францияның "France 2" орталық телеарнасындағы Еуропаның ең танымал бағдарламасы "Les années bonheur" кабаре шоуының құрметті қонағы боламын! Әлемдік өнер жұлдыздары бір саxнада тоғысқан аталмыш кеш 6 мамыр күні өтеді. Франция уақытымен 20:55-те. Жіберіп алмаңыздар!!!", - деген әнші бағдарламаның үзіндісі көрсетілген видео жариялады.
Видеода көрермендердің қазақстандық әншінің өнерін ерекше ықыласпен тамашалап отырғанын байқауға болады.